Қазақстанның сыртқы қарызы соңғы жылдары қоғам назарына жиі түсіп отыр. Тек қарыздың жалпы көлемін білу жеткіліксіз, оның қайдан алынғаны, қандай шарттармен және қандай мақсаттарға жұмсалатыны маңызды. Qandastar.kz ақпарат порталының материалында толығырақ.
«Қарыздың құрылымын дұрыс түсіну маңызды»
Биылғы дерек бойынша, Қазақстанның сыртқы қарызы 165,63 млрд АҚШ долларына жеткен. Ұлттық банк мәліметіне сүйенсек, бұл қарыз бірнеше сектор бойынша бөлінген.
Экономист Мақсат Халықтың айтуынша, қарыз құрылымын дұрыс түсіну аса маңызды, себебі кейде барлық сыртқы қарызды біртұтас мемлекеттік міндеттеме ретінде қабылдайды, бұл қоғамда түсініспеушілік тудырады.
– Сыртқы борыштың басым бөлігі, шамамен 55%-ы фирмалар арасындағы қарыздарға тиесілі. Бұл – шетелдік компаниялардың Қазақстандағы еншілес ұйымдарына берген қаражаттары. Мұндай қарыз халық пен мемлекетке тікелей қауіп төндірмейді, – дейді сарапшы.
«Басқа секторлар» деген бөлік нені білдіреді?
Дегенмен, «басқа секторлар» деп аталатын қарыздарға ерекше назар аудару қажет. Бұл санатқа квазимемлекеттік ұйымдар, ұлттық және мемлекеттік компаниялардың сыртқы қарызы кіреді. Егер бұл компаниялар өз қарыздарын өтеуге шамасы жетпесе, жауапкершілік тікелей Үкіметке ауысуы мүмкін. Мысалы, «ҚазМұнайГаз» компаниясының борышын алсақ, оны өтей алмаса, мемлекет міндетті түрде жауап береді.
Қарыздың географиясына келетін болсақ, Қазақстан негізгі қаражатын халықаралық қаржы ұйымдары мен дамыған елдерден алады. Олардың ішінде Азия даму банкі, Халықаралық қайта құру және даму банкі, Еуропа қайта құру және даму банкі, сондай-ақ Жапония, Франция және Қытай мемлекеттері бар.
Мақсат Халықтың айтуынша, халықаралық қаржы институттары арқылы берілетін қарыздар әдетте ұзақ мерзімді, төмен пайыздық мөлшерлемелі және жеңілдетілген шарттарға ие. Бұл Қазақстанға тұрақты макроэкономикалық ахуалды сақтауға мүмкіндік береді. Дегенмен, қаржылық қор сарқылған жағдайда халықаралық ұйымдар қарыз беруге дайын болмауы мүмкін. Сол кезде тек Халықаралық валюта қоры арқылы ғана қаржыландыру жүзеге асады.
– Қазақстан қарыздарды негізінен инфрақұрылым, көлік, энергетика, су ресурстары мен экология саласындағы жобаларға бағыттайды. Қарыз валютасының әртүрлілігі үкіметке валюталық тәуекелді басқаруға мүмкіндік береді. Дегенмен, негізгі қарыздар АҚШ доллары мен еуро сияқты халықаралық валюталарда алынған, сондықтан ФРЖ мен ЕОБ мөлшерлемесінің өзгеруі қайта қаржыландыру кезінде қосымша ауыртпалық тудырады, – дейді сарапшы.
Қазіргі таңда Қазақстанның сыртқы қарызы экономикалық тұрақтылықты сақтайтындай деңгейде деп есептеледі. Мемлекеттік қарыздың ЖІӨ-ге қатынасы 25-32% аралығында болуы ұсынылады, бұл елдің борыштық жүктемесін тиімді басқаруға мүмкіндік береді.
Қарыз көлемі қауіпті ме?
Ұлттық банк биылдан бастап сыртқы қарыздың статистикасын тоқсан сайын жариялай бастады. Бұл тәсіл Үкіметке, экономистерге және қоғамға қарыз динамикасын уақытылы бақылауға, қажетті жағдайда тез шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
Экономист сыртқы қарыздың қазіргі көлемін қауіпті деп санамайды, бірақ жанама тәуекелдерге назар аударуды ұсынады. Мәселен, қарыздың 87,5%-ы ұзақ мерзімді, бұл жақын арада өтімділік қысымын төмендетеді, алайда болашақ ұрпаққа борыштық жүктеме қалуы мүмкін.
Жалпы, Қазақстанның сыртқы қарызы – әлемдік үрдістерден тыс қалмаған құбылыс. 2023 жылы дамушы елдердің мемлекеттік қарызы дамыған мемлекеттерге қарағанда екі есе жылдам өскен, ал қарызды өтеу шығындары әлеуметтік салаларға бөлінетін қаражаттан асып түседі.



