ЖаңалықтарҚаржы және төлемдерЭкономика және бизнес

Табыс салығы төмендеді: Қолға алатын жалақы көбейетін болды

Қазақстанда жеке табыс салығын  есептеу тәртібіне енгізілген өзгерістер күшіне енді. Енді ай сайынғы табысы 150 мың теңгеге дейінгі азаматтар ЖТС төлеуден толық босатылады. Салық кеңесшісі Гүлнұр Нұрланқызының айтуынша, өзгерістер жаңартылған Салық кодексіне байланысты енгізілген. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы Jibek Joly телеарнасындағы «Жаңа уақыт» бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Атап айтқанда, стандартты салықтық шегерім мөлшері екі еседен астам өсіп, 14 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) 30 АЕК-ке дейін ұлғайтылды. Ал бұрын қолданылған мақсатты шегерімдер, соның ішінде ипотекалық қарызы бар азаматтар мен көпбалалы отбасыларға арналған жеңілдіктер алынып тасталды.

Енді барлық салық төлеуші үшін әлеуметтік мәртебесіне қарамастан бірыңғай стандартты шегерім — 30 АЕК қолданылады. Сарапшының айтуынша, бұл салық салынбайтын табыс көлемін айтарлықтай арттырады.

Бұрын ЖТС есептеу кезінде шамамен 55 мың теңге табыс ескерілмесе, енді бұл сома 130 мың теңгеге жуық болды. Соның нәтижесінде салық жүктемесі тек төмен табысты азаматтар үшін ғана емес, орташа жалақы алатын қызметкерлер үшін де азаяды.

Мәселен, ай сайынғы табысы 300 мың теңге болатын азамат үшін зейнетақы жарнасы (10%) мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға (2%) аударымдардан кейін салық тек салық салынбайтын минимумнан асатын бөлікке ғана есептеледі. Осылайша, жеке табыс салығының мөлшері шамамен 21 мың теңгеден 14 мың теңгеге дейін төмендеп, қызметкер ай сайын 7-8 мың теңге көлемінде үнемдей алады.

 

Ұқсас Мақалалар

Back to top button