
Шығыс Қазақстан облысының Шемонаиха ауданында полиция қызметкерлері ірі көлемдегі есірткі затын сақтаған жергілікті тұрғынды анықтады, деп хабарлайды qandastar.kz порталы Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Тергеу мәліметінше, 31 жастағы азамат бірнеше ай бойы қарасора өсімдігін жинаумен айналысқан.
Ол өсімдікті ауданның шет аймақтарынан теріп, кейін тұрғылықты мекенжайында сақтаған.
Күдіктінің айтуынша, есірткі затын жеке пайдалану мақсатында қалдырған.
Сонымен қатар, ол марихуананы термиялық өңдеуден өткізіп, тағамға қосып пайдаланғанын мәлімдеген.
Жеке тұрғын үй мен шаруашылық құрылыстарына жүргізілген тінту барысында полиция қызметкерлері өсімдік тектес кептірілген зат салынған төрт полиэтилен пакетін тәркіледі.
Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген заттың жалпы салмағы 4 келіден асатын марихуана екені анықталды.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.



