Altel, Beeline және Tele2 ұялы байланыс операторлары интернет пен байланыс тарифтерінің көтерілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы Informburo.kz-ке сілтеме жасап.
Tele2 және Altel компаниялары осы жылдың 25 желтоқсанынан бастап абонентік ақы мен тарифтер пакеттерінің өзгеретінін айтты.
Компаниялардың мәліметінше, бұған жаңа Салық кодексінің енгізілуі себеп болып отыр.
«Компания тарифтік жоспар бағаларын қайта қарайды. Бұл – желіні дамыту, жаңғырту және техникалық қызмет көрсету шығындарының өсуіне, сондай-ақ салық заңнамасындағы өзгерістерге байланысты қажетті шара. Абонентік ақы өзгерісі бізге қызмет көрсетудің тұрақтылығын қамтамасыз етуді жалғастыруға және одан да жоғары сапалы қызметтерді ұсынуға мүмкіндік береді», — делінген хабарламада.
Абоненттер тарифтердің өзгеруі туралы толық ақпаратты SMS-хабарлама арқылы алады.
Ал Beeline мобильді және кеңсе интернет қызметтерінің құны 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап өзгеретінін атап өтті.
Тарифтік жоспарлардың бағалары да өседі. Дегенмен ұялы байланыс операторы әзірге толық ақпарат берген жоқ.
«ҚҚС мөлшерлемесінің өзгеруі байланыс, интернет және онымен байланысты қызметтердің құнына әсер етеді. Сондықтан тарифтік жоспарларға жазылым ақысы түзетіледі. Біз пайдаланушыларға жаңартылған бағалар туралы алдын ала хабарлаймыз», — деп жазды компания.
Қазан айында Beeline Kazakhstan холдингінің президенті Евгений Настрадин ұялы байланыс операторы 2026 жылы тарифтік бағаларды қайта қарап, оларды шамамен 15-20%-ға арттыруды жоспарлап отырғанын хабарлаған. Tele2 және Altel компаниялары да қызмет көрсету бағаларын 15-20%-ға арттыруды жоспарлап отыр.



