ДенсаулықЖаңалықтар

Тайландтан эвакуацияланған шақалақ екі ай күрестен кейін үйіне шықты

Тайландтың Пхукет қаласынан санитариялық авиациямен Алматыға жеткізілген шала туған сәби екі айға созылған емнен кейін ауруханадан шығарылды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Кішкентай Аслан Қазақстанға 1 ай 18 күндік кезінде ауыр халде жеткізілген. Дәрігерлер оның өміріне қауіп төндірген жасырын ішек перфорациясын дер кезінде анықтап, шұғыл ота жасаған.

Одан кейін сәби екі ай бойы жансақтау бөлімінде неонатологтер, анестезиолог-реаниматологтер мен балалар хирургтерінің тұрақты бақылауында болды. Кешенді емнің нәтижесінде оның жағдайы тұрақтанып, салмағы 1200 грамға артып, 2500 грамға жетті.

Қазір Аслан өздігінен тыныс алады, табиғи жолмен қоректенеді. Енді ол дәрігерлердің бақылауымен емін үй жағдайында жалғастырады.

Мамандардың айтуынша, баланың өмірін сақтап қалуға уақытылы ұйымдастырылған медициналық эвакуация, жедел диагностика, шұғыл операция және дәрігерлердің кәсіби жұмысы мүмкіндік берген. Сонымен қатар, барлық медициналық көмек мемлекет есебінен тегін көрсетілген.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button