Таксопарктер мен курьерлік қызметтер қауымдастығының төрағасы Мейрам Әбелқасов жаңа Салық кодексінің жеке тасымал саласына ықпалы туралы айтты, деп жазады qandastar.kz
«Такси Казахстан 2025» форумының кулуарында ол осы жылдың күзіне дейін бизнес қауымдастық бөлшек салықтың тыйым салынған қызмет түрлері тізіміне қатысты қызу пікірталас жүргізгенін еске салды. 16 қазанда Үкімет артық шектеулерді алып тастап, жеңілдетілген декларация негізіндегі арнайы салық режимін сақтау туралы шешім қабылдады. Нәтижесінде тыйым салынған қызмет түрлерінің саны 44 болып қалды — бұл қазіргі заңнамадағы көрсеткішпен бірдей.
«Егер біздің саланы жеңілдетілген режимнен шығарып, бөлшек салықтан алып тастаса, таксопарктердің салықтық жүктемесі 6,5 есе артар еді. Бұл біз үшін өте маңызды мәселе, себебі біз тікелей жүргізушілермен жұмыс істейміз, олардың еңбекақысы, көлік жалдау, шеринг сияқты шығындар бар», – деді Әбелқасов.
Оның айтуынша, Ұлттық экономика министрлігі тыйым салынған қызмет түрлерінің нақты тізімін әлі жариялаған жоқ. Дегенмен, алдын ала берілген ақпарат бойынша, такси саласына өзгеріс тимейді, сондықтан қазіргі салықтық жүктеме сол күйінде қалады.
«Жаңа Салық кодексінің жағымды жаңалықтарының бірі – “өзін-өзі жұмыспен қамтыған” ұғымының енгізілуі. Қазір сұрақ туындап отыр: жүргізушілер мен агрегаторлар немесе таксопарктер арасында құжат айналымы бола ма, әлде бәрі чектер арқылы жеңілдетілген түрде рәсімделе ме? Біз бұл мәселені алдын ала білгіміз келеді, себебі 2026 жылдың 1 қаңтарына дейін дайын болуымыз керек. Егер құжат қажет болса – процесті автоматтандыру қажет», – деді ол.
2026 жылдан бастап ҚҚС мөлшерлемесінің 12%-дан 16%-ға өсуіне қатысты Әбелқасов бұл өзгеріс такси нарығына айтарлықтай әсер етпейді деп есептейді. Себебі бұл салық барлық салаға ортақ, сондықтан айтарлықтай теңсіздік болмайды.
Сондай-ақ, ол LS порталында бағаның әсері туралы да айтты: бүгінде көптеген таксопарктер іштен жану қозғалтқышы бар көліктерден гөрі электромобильдер мен гибридтерді таңдауға тырысып жатыр. Бұл – жолақы құнындағы жанармай шығынының қысқаруына мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда, Әбелқасовтың болжамынша, елімізде такси бағасы инфляция шегінде біртіндеп өсе береді.



