Жаңалықтар
«Талантты бапкерлер өз елімізден қолдау таппай, шетел асып жатыр»: Президент спорт саласында жемқорлық фактілері туралы айтты
Фото: ашық дереккөз
Президент бүгінде әр өңір қандай спортты қолдайтыны туралы шешімді өз бетінше қабылдайтынын сынға алды. Үкіметке жағдайды бақылауға алып, спортқа қатысты мекемелердің барлық деңгейіндегі басқару вертикалін қалпына келтіру жөнінде тапсырма берді. Бұл туралы qandastar.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Мемлекет басшысының айтуынша, соңғы бес жылда жоғары жетістіктер спортына шығын екі есе өскен, бірақ соған лайық нәтиже жоқ.
«Салалық министрлік, Ұлттық олимпиада комитеті, өңірлердегі спорт басқармалары мен федерациялардың жұмысында олқылық көп деп санаймын. Қазіргі жағдайға қарағанда, спорт функционерлері саланы дамытумен емес, миллиардтаған бюджет қаржысын игерумен әлек. Олар түпкі нәтижеге бас ауыртпайды. Спорт саласында жемқорлық фактілері жиі кездеседі. Мұндайға жол беруге болмайды!» – деді Тоқаев.
Президент әр өңір қандай спортты қолдайтыны туралы шешімді өз бетінше қабылдайтынын сынға алды.
Сонымен қатар ол спорт саласына жоғары білікті мамандарды тарту үшін қолайлы жағдай жасау керек екенін айтты.
«Олар басқа елге барып, жас спортшыларды тәрбиелейді. Басқа мемлекеттің ұлттық құрама командаларын әлемдік додаларға дайындайды. Мысалы, осы Олимпиада ойындарында Тунис елінің тхэквондодан ұлттық құрамасы қазақ бапкері Есбол Сұлтановтың жетекшілігімен екі медаль жеңіп алды, оның біреуі – алтын медаль. Бапкерлерге жан-жақты қолдау көрсету шараларын қолға алу керек. Мықты бапкерлер мектебін жасақтау қажет», – деді Тоқаев.
Еске салайық, бұған дейін Қасым-ЖомартТоқаев Олимпиада ойындарының жүлдегерлерімен кездескені туралы хабарлаған едік.