Әлеумет және қоғам

Талдықорғанда 5 келіден астам есірткімен күдікті ұсталды

Талдықорғанда 62 жастағы тұрғын есірткі сақтау және сату күдігімен қолға түсті. Тінту барысында оның үйі мен ауласынан 5 келіден астам гашиш тәркіленіп, күдіктіге үйқамақ шарасы қолданылды.

Талдықорған қаласында Жетісу облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері есірткі айналымын тоқтатуға бағытталған жедел шаралар өткізді.

Операция барысында Еркін ауылында 62 жастағы Талдықорған тұрғыны есірткіні заңсыз сақтау және сату күдігімен қолға түсті.

Тергеу кезінде полицейлер бақылау сатып алу әдісін қолданып, күдіктіден 5 грамнан астам гашиш сатып алған. Кейін жүргізілген тінту барысында оның үйінен өсімдік тектес, ерекше иісі бар зат салынған алты пакет табылды. Сонымен қатар ауласындағы сарайдан скотчпен оралған ірі қара пакет анықталып, оның ішінен жалпы салмағы 5 келіден асатын есірткі заты тәркіленді. Алдын ала мәлімет бойынша, бұл да гашиш болуы мүмкін.

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Күдіктіге денсаулығына байланысты сот шешімімен үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Полиция өкілдері есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес олардың негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті. Заңға сәйкес, есірткіні сату немесе сақтау мақсатында заңсыз әрекет еткендер мүлкі тәркіленіп, 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

АҚПАРАТ ZAKON.KZ САЙТЫНАН АЛЫНҒАН.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button