
Талғар ауданындағы жан түршігерлік оқиға – зорлау шағымынан басталып, адам өлтіру мен екі жасар баланың ұрлануына ұласқан трагедия полиция әрекетінің салғырттығын әшкереледі, деп жазды qandastar.kz
Прокуратураның мәліметінше, салғырттық пен қызметтік жалғандық жасағаны үшін учаскелік инспекторға іс қозғалып, ол қызметтен босатылған. Сараптама оның жәбірленушінің қолтаңбасын қолдан жасағанын да анықтады.
Бұл әрекеттер ер адамның өліміне және баланың ұрлануына әкелген қайғылы оқиғаға себеп болған.
Алматы облыстық прокуратурасының ресми ақпаратына сәйкес, Талғар ауданы ПБ учаскелік инспекторына Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды:
-
371-баптың 2-бөлігі – «Ауыр зардаптарға әкелген салғырттық»;
-
369-баптың 2-1-бөлігі – «Құқық қорғау органы қызметкерінің қызметтік жалғандық жасауы».
Жәбірленуші отбасының адвокаты Жандос Палмановтың айтуынша, оқиғаға дейін үш күн бұрын, 3 қыркүйекте, учаскелік инспектор жәбірленушінің үйіне шақырту бойынша барған. Сол күні әйелдің үйіне қолында мылтығы бар ер адам келген. Адвокаттың мәлімдеуінше, инспектор қорғаныс нұсқамасын толтырып, жәбірленушінің қолын қолдан жасап қойған.
Бұл іс бойынша үш адам жауапқа тартылып жатыр. Негізгі күдікті азамат Е.-ге ҚК-нің 11 бабы бойынша айып тағылған:
99-бап, 2-бөлік, 7-тармақ – топпен жасалған кісі өлтіру;
125-бап, 3-бөлік, 2-1-тармақ – кәмелетке толмағанды тарту арқылы адам ұрлау;
120-бап, 1-бөлік – зорлау;
121-бап, 1-бөлік – сексуалдық сипаттағы зорлық әрекеттер;
190-бап, 3-бөлік, 4-тармақ – топпен жасалған алаяқтық;
147-бап, 5-бөлік – заңсыз бас бостандығынан айыру;
149-бап, 2-бөлік – тұрғын үйге заңсыз кіру;
115-бап – өлтіремін деп қорқыту;
287-бап, 3-бөлік – қаруды заңсыз жасау;
288-бап, 1-бөлік – қаруды заңсыз сақтау;
132-бап, 4-бөлік – кәмелетке толмағанды қылмысқа тарту.
Кәмелетке толмаған екі күдікті – А. және К. – топпен жасалған кісі өлтіру және кәмелетке толмаған адам қатысқан бала ұрлау баптары бойынша айыпталуда.
Талғар ісінің хронологиясы
Қайғылы жағдай Талғар маңындағы Қызыл-Қайрат ауылында болды. Белгілі болғандай, бұл оқиға трагедиядан әлдеқайда бұрын басталған. Қыздың анасы оқиғадан бір ай бұрын полицияға зорлау фактісі бойынша арыз түсірген. Адвокат Гаухар Сариеваның айтуынша, сол кезде полиция күдіктіні қамауға алмаған. Қыркүйек айының басында отбасы күдіктіні өздері тауып, полицияға жеткізген. Алайда, ол қайта босатылған.
6 қыркүйекте күдікті достарымен бірге әйелдің үйіне келіп, оның 27 жастағы ағасын атып өлтіріп, екі жасар қызын кепілге алған. Ағасы оқиға орнында қаза тапқан. Оның артында үш баласы мен жүкті жары қалды. Қызды кепілге алғандар қашу кезінде жыраға көлікпен құлап, бала жарақат алған, кейін оған ота жасалды.
Бұған дейін Алматы облысының прокуратурасы күдіктіні босатқан Талғар ауданы полиция қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғаған болатын.



