
Фото: видео скриншот
Талғар қаласының тұрғыны Эльмира Кулакованың әлеуметтік желідегі видеосы қоғам наразылығын тудырды. Ол қазақ ұлтына қатысты қорлайтын сөздер айтып, өз парақшасында бейнежазба жариялаған, деп хабарлады qandastar.kz.
Бейнежазбада әйел қазақтарды «құлдар» деп атап, орыс тілінде сөйлемейтін кей азаматтарды әдейі «ақымақ» кейіп танытады деп айыптаған.
«Осы қазақтарға не болған? Неге сонша жаман болдыңдар? Кей қазақтарға орысша сұрақ қойсаң, әдейі түсінбеген болады. Неге сонша нақұрыс болдыңдар?» – деген әйелдің сөзі көпшіліктің ашуын тудырды.
Желі қолданушылары бұл әрекетті ұлттық араздықты қоздыруға теңестіріп, құқық қорғау органдарынан шара қолдануды талап етуде.
Бұған қоса, тараған екінші видеода Кулакованың белгісіз ер адаммен сөйлесіп, Қазақстанда «орыстарға қысым жасалады» деп мәлімдегені байқалады.
«Балаларым мектеп автобустарында тыныш жүре алмайды. Бұл – нағыз руссофобия», – деп айтқан ол өз пікірінде.
Алайда кейінірек әйел нақты кімнің балаларына тіл тигізгенін білмейтінін айтып, бейнежазбаны түсірген адамды іздеп жүргенін жеткізген.
Қазіргі таңда әлеуметтік желі қолданушылары мен құқық қорғаушылар бұл мәлімдемелерге құқықтық баға беруді талап етуде. Алматы облысының Полиция департаменті оқиғаға қатысты түсініктеме беруге уәде етті.