Алматы облысы Талғар қаласында отбасылық жанжал адам өлімімен аяқталды. Отағасының қаза табуына байланысты оның жұбайы мен енесі күдікке ілінді. Мәліметті Zakon.kz-ке сілтеме жасап Qandastar.kz жариялады.
Бұл туралы Instagram парақшасында адвокат Асылбек Әбдірайымов жазды. Оның мәліметінше, әйел күйеуінің келісімінсіз жылқыларды сатып жіберген. Осыдан кейін ер адам полицияға арыз түсірген. Көп ұзамай қайғылы оқиға орын алып, марқұмға шамамен 30 рет пышақ жарақаты салынғаны айтылады.
Адвокат әлеуметтік желідегі жазбасында қандай да бір мүлік немесе қаржы адам өмірінен қымбат емес екенін атап өтіп, бір сәттік ашудың бірнеше адамның тағдырын өзгерткенін жеткізді.
Ал Алматы облысы Полиция департаменті отбасылық-тұрмыстық жанжал негізінде адамдар тобы жасаған кісі өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.



