Әлеумет және қоғам

«Тамақ пен темекі әкелмесе, үйге кіргізбеген»: Атыраулық ана балаларынан айырылуы мүмкін

Фото t.me/atyrauoill

Атырау облысында 14 жастағы жасөспірім мен оның үш жасар қарындасына қатысты оқиға қоғам назарын аударды, деп хабарлайды qandastar.kz

Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбаларда жасөспірімнің үйіне кіре алмай, сыртта жүрген сәттері көрсетілген. Куәгерлердің айтуынша, бала ата-анасының талабымен үйге азық-түлік пен темекі әкелуге мәжбүр болған.

Осы отбасында үш жасар қыз бала да тұрады. Көршілердің сөзіне қарағанда, олардың анасы ішімдікке әуес, ал ағасы тұрақты жұмысы жоқ. Үйге жиі мас күйінде бөтен адамдар келіп, балалар ата-ананың қарауынсыз қалады екен.

Атырау облыстық полиция департаменті бұл жағдайға қатысты түсініктеме беріп, екі баланың қауіпсіздігі үшін оларды отбасынан алып кеткенін растады.

– 14 жастағы жасөспірім Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды, ал үш жасар қарындасы сәбилер үйіне тапсырылды. Ата-анасы балаларға қажетті күтім мен қауіпсіздікті қамтамасыз етпеген, – деп хабарлады ведомство.

Полиция өкілдері, бұған қоса, бір жыл бұрын да осы отбасының ата-ана жауапкершілігін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын мәлімдеді.

Қазіргі уақытта іс материалдары кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияның қарауына жіберілді. Комиссия отырысында баланың анасын ата-ана құқығынан айыру мәселесі қаралатын болады.

Ілмектер

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close