Жаңалықтар
Таңбалының құпиясы: Белгілі тарихшы қазақтарға қатысты тың ақпаратпен бөлісті

Фото: скрин
Профессор, тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбаев Qasqa Jol YouTube арнасына берген сұхбатында қазақ ұлтының қалыптасуы мен этностарды біріктіру жолдары туралы ой бөлісті, деп жазады qandastar.kz.
Оның айтуынша, XV ғасырдың ортасында Алтын Орда ыдырағаннан кейін көптеген рулар басы бос қалып, бытырап кеткен. Сол кезде қазақ болу үшін бірлік қажет болды.
– Ұлытау мен Түркістанның арасында «Таңбалы» деген қасиетті жер бар. Ерте замандардан бастап рулар сол жерде таңбаларын қалдырып, анттасқан. Бүгінгі күні онда 500-ге жуық таңба сақталған. Демек, сонша рубасы жиналып, «Алаштың туы астына» бірігеміз деп серт берген. Сәтбаев пен Марғұлан да бұл жерді «қазақтың ту көтеріп, ел болған мекені» деп айтқан. Сондықтан үш жүзге бөлінсек те, түбіміз бір. Біздің атымыз – қазақ, атамыз – Алаш, – дейді тарихшы.
Артықбаев Сталиннің «ұлт» туралы берген түсінігі дұрыс еместігін атап өтті. Оның айтуынша, Сталиндік анықтама этносқа сай келеді, ал «ұлт» – әлдеқайда күрделі ұғым.
– Ұлт болу үшін міндетті түрде ұлттық идея қажет. Ұлттық идея төңірегінде топтасқан адам – қазақ. Мәселен, ауылда қазақша сөйлеп жүрген орыс не неміс баласы «Бұл – менің Қазақстаным, менің туым, менің елтаңбам» деп айтса, ол – қазақ. Бізде мемлекет бар, қоғам бар, ал билік осы процеске әлі нақты баға берген жоқ. Бірақ қоғамда бұл үрдіс жүріп жатыр, – дейді ғалым.