Белгілі блогер Мөлдір Анарбаева қазақ қоғамындағы кейбір келіндердің орынсыз әрекеттерін сынап, әлеуметтік желіде жазба жариялады. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы sn.kz_media Instagram парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Анарбаева соңғы уақытта “бетке айтады”, “бәрін орнына қояды” деп мақтанатын үлкендердің тәрбиелік қателіктерін атап өтті. Оның айтуынша, жұлқына сөйлеп, мәселені дау-дамаймен шешуге тырысатын келіндер қоғамда “бәдік” деген атқа ғана ие болуы мүмкін.
«Мектепті тік тұрғызу, мемлекеттік қызметкерлерді болмашы нәрсеге бетінен алу жетістік емес. Бұл әрекет тек “пәлеқор әйел” деген атақ әкеледі. Ұят, ар, сабыр, кішілік, тәрбие бәрі екінші орынға түсіп барады», — деп жазды блогер.
Ол келіннің өзін ғана емес, мұндай мінезге жол беретін ата-ене тәрбиесін де сынға алды. Анарбаеваның пікірінше, “жүзі жарқын”, үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге өнеге болу — әйелдің шынайы бағасын көрсететін қасиет.
«Болмайтын мәселеге білмейтін заңды тықпалап, қорқытып, айқай шығару өте ұят. Баланың барлық әрекеті шешеден. Саналы болайықшы, шешелер! Жүректің көзін ашайық», — деп жазбасын қорытындылады блогер.



