Тараз қаласының тұрғыны Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы Қайсар Сұлтанбаевтың атына алғыс хат жолдап, пәтер ұрлығын жедел ашқан полиция қызметкерлеріне ризашылығын білдірді.
Жәбірленушінің айтуынша, оның пәтерінен 11 дана алтын әшекей бұйымы ұрланған. Олардың арасында гауһар тастары бар қымбат зергерлік заттар да болған.
Аталған дерек бойынша полиция қызметкерлері жедел-іздестіру және тергеу шараларын жүргізіп, ұрлық жасады деген күдіктінің жеке басын қысқа уақыт ішінде анықтады. Тергеу барысында күдіктінің Алматы қаласында жасырынып жүргені белгілі болды.
Тәртіп сақшыларының жедел әрі үйлесімді жұмысының нәтижесінде күдікті ұсталып, ұрланған зергерлік бұйымдардың барлығы табылды. Кейін олар заңды иесіне қайтарылды.
Тараз тұрғыны полиция қызметкерлерінің кәсібилігіне жоғары баға беріп, олардың жылдам әрі тиімді жұмыс істегеніне ризашылығын білдірді.
Алғыс хатында ол тергеуші Жақсылық Нұркеннің, жедел уәкіл Асхат Иманәлиевтің және Тараз қаласы полиция басқармасының Әулие-Ата аудандық полиция бөлімінің криминалдық полиция бөлімінің бастығы Асылбек Әбдірайымовтың еңбегін ерекше атап өткен.
