
Фото: Нұрболат Нұржаубай
Тараз қаласында әкімдікке қарасты екі қызметкер мемлекеттік меншіктегі жылжымайтын мүлікті жеке тұлғаларға заңсыз сатып, ірі көлемде шығын келтіргені үшін сотталды, деп хабарлады qandastar.kz.
Тергеу дерегінше, 2021–2022 жылдары қала әкімдігінің қаржы бөлімінің коммуналдық меншік секторының меңгерушісі мен сол бөлімнің статисті өз өкілеттіктерін пайдаланып, әкімдік балансына тиесілі үш нысанды үшінші тұлғаларға сатқан. Нәтижесінде мемлекетке айтарлықтай қаржылық зиян келген.
Сотта істің барлық мән-жайы куәгерлердің айғақтары мен заттай дәлелдемелер арқылы расталды.
Алайда сектор меңгерушісі (А.) өз кінәсін мойындамай, өзін ақтауды сұраған.
Ал оның әріптесі (К.) кінәсін мойындап, жеңіл жаза қолдануды өтінген. Сотталушылардың бұрын сотталмағаны, денсаулық жағдайы және келтірілген залалдың өтелуі жеңілдететін мән-жай ретінде ескерілді.
Сот үкімімен А. ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (алаяқтық) және 189-бабы (сеніп тапсырылған мүлікті иемдену немесе жұмсау) баптары бойынша кінәлі деп танылып, 4 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Сонымен қатар ол мемлекеттік қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды. К. осы баптар бойынша кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айыру және мүлікті басқару саласында жұмыс істеу құқығынан 5 жылға айыру жазасы тағайындалды.
Сот шешімі заңды күшіне енген соң мемлекетке келтірілген залалдың толық өтелуі қадағаланады.
.