
Таразда күйеуінен кек алу үшін балаларын ұрып-соққан әйелге қатысты істен кейін отбасы тағдыры жаңа кезеңге өтті.
Анасының әрекетінен соң балалар мемлекет қамқорлығына алынған, ал олардың әкесі балаларды өз қолына қайтаруға бел буып отыр, деп хабарлайды qandastar.kz «КТК» телеарнасына сілтеме жасап.
Қордай ауданының 26 жастағы тұрғыны бірнеше күннен бері балалар үйінің маңынан табылып, ұл-қызын өз тәрбиесіне алу жолын іздеуде. Оның айтуынша, бұл мақсаттан бас тартпайды.
Алайда жауапты органдардың түсіндіруінше, ата-анасы ресми некеде болмағандықтан және ер адам екінші балаға әкелік құқығын рәсімдемегендіктен, балаларды бірден әкесіне беру мүмкін емес.
Қазір Айдар Мамыт өз әкелік мәртебесін заңды түрде дәлелдеуі тиіс. Ол құжаттарын реттеп, ДНК сараптамасынан өтуге ниетті. Сараптама нәтижелері мен тиісті құжаттар кейін бала құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның қарауына ұсынылады.
«Маған бала керек, баланы әрқашан бірінші орынға қоямын. Қазір баламның әкесі екенімді дәлелдеу үшін жүгіремін. ЗАГС-ке барамын, сотқа барамын. Қолымнан келгенше, соңғы демім қалғанша, бала-шағам үшін барына дайынмын. Қазір көбісі үлкен қыз қызыңыз емес, не үшін алайын деп жатырсыз дейді. Айтады ғой, қазақта бала тапқандікі емес, баққандікі дейді. Мен екеуін де жақсы көремін, екеуін бөлмеймін», – деді Айдар Мамыт.
Айта кетейік, өткен аптада Таразда 19 жастағы әйелдің өз балаларын ұрып-соққан сәті бейнеленген видео әлеуметтік желіде кең тараған болатын. Қоғам наразылығын тудырған оқиғадан кейін күдікті әйел қамауға алынып, оның психологиялық жағдайы тексеріліп жатыр.



