Жуырда Қазақстандағы Altel, Tele2 және Beeline компаниялары ұялы байланыстың абоненттік төлемін 20 пайызға дейін көтеретіндерін жариялаған болатын. Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан бұл жағдайды бәсекелестікке қайшы келетін әрекетке ұқсайтынын айтып, операторлардың өзара келісімге келуі мүмкін деген мәселені көтерді, деп хабарлайды qandastar.kz сайты
Осы орайда, депутат Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінен Altel, Tele2, Beeline тариф саясатын тексеруді сұрады.
«Бұл компаниялар арасындағы бәсекенің емес, өзара келісімнің, үйлесімнің, астыртын ақылдасудың белгісі емес пе? Бұл жағдай қарапайым тұтынушылардың құқықтарын таптау деп есептейміз. Себебі баға өседі, бірақ нарықта балама оператор жоқ, яғни тұтынушы таңдау мүмкіндігінен айырылады. Нәтижесінде абоненттерге жоғары ақы төлеу міндеттеледі», – деді депутат.
Жанарбеков Әшімжан 2023 жылдан бері байланыс тарифтері 7-57 пайыз аралығында қымбаттағанын да атап өтті. Ол аталған компаниялардың тариф саясатынан бағаны келісіп белгілеу белгісі бар-жоғын анықтау керек деп санайды.



