ЖаңалықтарСпорт

Тарихи жеңіс! Михаил Шайдоров қысқы Олимпиадада ел қоржынына алтын әкелді

Италияда өтіп жатқан XXV қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстан спортшылары үшін ұмытылмас сәт тіркелді.

Мәнерлеп сырғанаудан ерлер арасында өткен финалда әлем чемпионатының күміс жүлдегері Михаил Шайдоров керемет өнер көрсетіп, Олимпиада чемпионы атанды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Шешуші кезең – еркін бағдарламада ол рекордтық 198,64 ұпай жинап, қарсыластарын айқын басымдықпен артта қалдырды.

Ең бастысы, Шайдоров жарыс барысында бес бірдей төрттік секіру элементін мінсіз орындап, Олимпиада тарихында сирек кездесетін жоғары деңгейдегі техникалық шеберлігін дәлелдеді.

Турнир қорытындысы (24 спортшы):

1-орын: Михаил Шайдоров – 291,58 ұпай
2-орын: Юма Кагияма (Жапония) – 280,06 ұпай
3-орын: Шун Сато (Жапония) – 274,90 ұпай

Бұл жеңіс – ел спортындағы жаңа белес.
Қазақстан тарихында алғаш рет қысқы Олимпиада ойындарында бір спорт түрінен екі жүлде қатарынан бұйырды. Бұған дейін мәнерлеп сырғанаудан 2014 жылғы Сочи Олимпиадасында Денис Тен қола жүлде иеленген еді.

Сондай-ақ бұл – Қазақстан үшін қысқы Олимпиададағы алтын жүлденің сирек сәттерінің бірі. Бұған дейін соңғы алтын медаль 1994 жылы Лиллехаммер Олимпиадасында шаңғышы Владимир Смирновқа бұйырған болатын.

ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов спортшыны тарихи жетістігімен құттықтады:

«Михаил Шайдоровты Олимпиаданың чемпионы атануымен шын жүректен құттықтаймын. Бұл — талай жылғы тынымсыз еңбек пен табандылықтың, алға қойған мақсатқа деген сенімнің жемісі. Бүгін Михаил елге зор қуаныш сыйлап, отандық мәнерлеп сырғанаушылардың әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеді. Бұл жетістік жас спортшыларға шабыт беріп, елімізде қысқы спорт түрлерінің дамуына жаңа серпін береді».

Бұл жеңіс – тек бір спортшының ғана емес, бүкіл Қазақстан спортының тарихи табысы.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button