Тау-кен металлургиялық кешені Қазақстанда жүздеген мың адамды жұмыспен қамтып қана қоймай, елдің 16 моноқаласындағы әлеуметтік дамудың негізгі қозғаушы күшіне айналған. Бұл қалаларда тұратын миллионнан астам азаматтың өмір сапасы сала кәсіпорындарының тұрақты қызметіне тікелей тәуелді, деп жазады qandastar.kz порталы Kazakhinform Telegram арнасына сілтеме жасап.
Мәжіліс депутаты Арман Қалықовтың айтуынша, ТМК-ның рөлі тек еңбек нарығымен шектелмейді.
«Жұмыс орындары — ТМК әсерінің бір бөлігі ғана. Ірі кәсіпорындар маңында тұтас қауымдастықтар қалыптасады. Олардың тұрақтылығы халықтың өмір сапасына ықпал етеді», — дейді депутат.
Ірі компаниялардың әлеуметтік инвестициялары
Kazakhmys (Қазақмыс)
2022 жылдан бері Ұлытау облысының дамуына 51 млрд теңгеден астам қаржы бөлген. Қаражат білім беру, спорт, мәдениет, инфрақұрылым және қоғамдық кеңістіктерді дамытуға бағытталды.
Сонымен бірге компания өз қызметкерлеріне қамқорлық көрсетеді:
- 139 мың қызметкер мен олардың отбасы мүшелері — 2,5 млн теңгелік медициналық сақтандырумен қамтылған;
- 2019 жылдан бері 280 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілген;
- биыл тағы 202 қызметтік пәтер тапсырылады.
ERG (Eurasian Resources Group)
2010 жылдан бері өңірлерді дамытуға 400 млрд теңгеден астам инвестиция құйды. Компания мектептер, балабақшалар, ауруханалар, мәдени орталықтар мен қызметкерлерге арналған үйлер салып келеді.
Соңғы бес жылда 48 млрд теңгенің жобалары жүзеге асқан: спорттық ареналар, колледждерді жаңғырту, шағын бизнесті қолдау.
KAZ Minerals
Білім беру мен шығармашылықты қолдауға ерекше көңіл бөледі. 2021-2024 жылдары әлеуметтік жобаларға 160 млн доллардан астам қаржы бөлінген. Оның ішінде студенттерге гранттар, мектептер мен өнер үйлерін қолдау, сондай-ақ су тасқынынан зардап шеккендерге көмек бар.
Казцинк (Kazzinc)
Компания денсаулық сақтау, білім, спорт және мәдениетті қолдауға жүйелі түрде қаржы бөліп келеді.
Жалпы әлеуметтік инвестиция көлемі 650 млн доллардан асып кеткен. Қаржыландыруға коррекциялық мектептер, спорт кешендері, мәдени жобалар кіреді.
Тау-кен металлургиялық кешенінің әлеуметтік әсері
«Стратегия» орталығы жүргізген зерттеу нәтижесіне сәйкес, ТМК кәсіпорындары орналасқан қалаларда әлеуметтік оптимизм деңгейі 52%, бұл ел бойынша орташа көрсеткіштен (37%) айтарлықтай жоғары.



