Әлем жаңалықтарыЖаңалықтар

Таяу Шығыстағы ахуал: қазақстандықтар арасында зардап шеккендер туралы ақпарат түспеді

Қазіргі уақытта Қазақстанның азаматтары арасында зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ, деп хабарлайды qandastar.kz порталы Қазақстанның сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.

Таяу Шығыс елдеріндегі әскери-саяси жағдайдың шиеленісуі жағдайында ведомство құзыретті мемлекеттік органдармен және шет мемлекеттердің билік құрылымдарымен тәулік бойы өзара іс-қимылды қамтамасыз етіп отыр.

«Қазақстанның шетелдегі мекемелері күшейтілген жұмыс режиміне көшірілді және отандастарға қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетілуде. Өңір елдерінде сондай-ақ транзиттік аймақтарда жүрген азаматтардың тізімдері өзектендірілуде. Мессенджерлерде жедел чаттар құрылып, отандастардың қызығушылығын тудыратын сұрақтарға жауаптар және елдегі жағдай туралы ақпарат және тиісті ұсыныстар берілуде», — делінген мәлімдемеде.

Сондай-ақ СІМ-де және шетелдегі мекемелерінде шұғыл байланыс желілері ашылды.

Қақтығыс аймағында жүрген азаматтарымыздың саны туралы ақпарат құру жалғасуда. Бұл ретте транзиттік аймақтарда жүрген азаматтардың нақты санын атау қиын екенін атап өткен жөн.

Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктерінің қызметкерлері туристік компаниялармен бірлесе, әуежайлар мен транзиттік аймақтарда жүрген азаматтарды орналастыру мәселелерінде қолдау көрсетуде.

Қазақстандықтарды қақтығыс аймағынан шығару бойынша шаралар мен бағыттар пысықталуда.

Қосымша түсіндірмелер Министрлік пен шетелдегі мекемелердің ресми ресурстары арқылы, сондай-ақ Kaspi Travel қосымшасы арқылы жіберілетін хабарламалар арқылы жеткізілетін болады.

«Азаматтарды сабыр сақтауға, жергілікті билік органдарының талаптары мен ұсынымдарын сақтауға, қатерлі аймақтардан аулақ болуға, сондай-ақ енгізілген шектеулерге түсіністікпен қарауға шақырамыз.

Қосымша ақпарат түскен жағдайда тиісті мәлімет жедел түрде жарияланатын болады. Осыған байланысты ҚР СІМ мен шетелдегі мекемелерінің ресми ресурстарындағы хабарламаларды мұқият қадағалауды сұраймыз», — делінген мәлімдемеде.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button