
Үкіметте Президенттің «Таза Қазақстан» бастамасын жүзеге асыру барысы қаралды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
«Отаншылдықты жасампаз іспен көрсету, жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру жаңа Конституция жобасының түбегейлі принциптері қатарына енгізілгенін ерекше атап өткім келеді. Бұл табиғатқа, туған елге деген жанашырлықты күшейтуге, әрбір азаматтың бойында тазалық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді», — деп атап өтті Бектенов.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің деректеріне сәйкес, Президенттің «Таза Қазақстан» бастамасы аясында барлық кезеңде 1 294 іс-шара өткізіліп, 844 мың тонна қалдық жиналған, 1 млн гектар жер тазартылып, 2,9 млн ағаш отырғызылған. Аталған іс-шараларға 6,9 млн адам қатысты.
Премьер-министр бірқатар өңірде «Таза Қазақстан» тұжырымдамасындағы жоспарланған көрсеткіштер орындалмағанына назар аударды.
Нақты айтқанда, Алматы облысында суару жүйелері мен су үнемдеу технологияларын енгізу, гранттар беру және үкіметтік емес ұйымдарды қаржыландыру бойынша жұмыстардың жеткіліксіздігі атап өтілді. Ұлытау облысында жасыл көшеттерге түгендеу жүргізілмеген, адамдар көп жиналатын жерлерге фандоматтар орнатылмаған. Бұдан бөлек, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін цифрландыру жүргізілмеген. Абай облысында «жасыл инфрақұрылым» құру жөніндегі жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізілмеген, қоршаған ортаны қорғауға арналған мәдени шаралар да өткізілмеген. Осы бағыттар бойынша Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков, Абай облысының әкімі Берік Уәли тыңдалды.
Отырыс қорытындысы бойынша премьер-министр әкімдіктерге жоспарланған барлық іс-шараның жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.
«Таза Қазақстан» бастамасын жүзеге асыру айтарлықтай нәтиже беріп, экологиялық өзгерістерге қоғамдық сұраныстың жоғары екенін айқын көрсетіп отыр. Сондықтан келесі деңгейге өту міндеті тұр бұл – заманауи цифрлық құралдарды қолдануға, тұрақты және объективті мониторинг пен процеске қатысушылардың бәрінің арасындағы жауапкершілікті дәл бөлуге негізделген жүйелік және басқарылатын тәсілді қалыптастыру. Бұл тәсіл ұзақмерзімді нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді», — деп атап өтті Бектенов.



