Жаңалықтар
Тегін 10 сотық жер: Алматы облысындағы жер телімдері таратылады

Алматы облысында бұрынғы саяжай алқаптарының аумағында жер телімдері беріле бастайды. Мемлекеттен тегін 10 сотық жер алуға кезекте тұрғандар осы учаскелерге ие болады, деп хабарлайды Qandastar.kz ақпарат порталы BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.
Әрбір қазақстандық тұрғын үй салу мақсатында мемлекеттен тегін 10 сотық жер алуға құқылы. Бұл процесті онлайн түрде, ешқандай құжат жинаусыз жүргізуге болады.
Жер телімдері тек барлық инфрақұрылым – су, электр желілері тартылғаннан кейін ғана беріледі. Инфрақұрылымсыз жер берілмейді, бұл кезектің жылжу жылдамдығына айтарлықтай әсер етеді.
Алдағы уақытта Алматы облысында жер телімдерін беру айтарлықтай жеделдеуі мүмкін. «Крыша» порталының мәліметінше, кезектегілерге жер бұрынғы саяжай алқаптарының орнынан беріледі, олар елді мекендердің құрамына енгізілмек.
Биыл облыс бойынша 23 саяжай алқабын елді мекендер құрамына қосу жоспарланып отыр. Яғни олар ресми түрде қала, ауыл және кенттердің аумағына енеді. Кейін бұл жерлердің мақсаты өзгертіліп, бау-бақша учаскелері жеке тұрғын үй құрылысына (ЖТҚ) арналмақ. Осыдан кейін жер телімдері кезектегілерге беріледі, – делінген хабарламада.
Берілетін саяжайлардың жалпы ауданы – 123 гектар, яғни бұл 10 сотықтан асатын 1200-ден астам жер телімі. Оның үстіне, бұл учаскелер инженерлік желілері мен жолдары бар игерілген алқаптардан берілмек.
Айта кетейік, өткен жылы Алматы облысында ЖТҚ үшін бар болғаны 294 жер телімі (шамамен 29 гектар) ғана берілген. Ал қазіргі уақытта облыс бойынша 10 сотық тегін жер алуға кезекте 1 284 488 адам тұр. Демек, бұл саяжайлық жерлердің бәріне бірдей жетпейді.
Алайда қазақстандықтарға ескеретін жайт: жер телімін міндетті түрде өз тұрғылықты мекенжайы бойынша ғана алу міндетті емес. Азаматтар әртүрлі аймақтар мен облыстарға – әр елді мекенге бір өтініштен – шектеусіз өтініш бере алады. Бірақ бір жер телімі берілген кезде қалған барлық өтініштер автоматты түрде жойылады.