Жаңалықтар

«Тек сөз еді»: Белгілі сарапшы экс-министр Бейсембаевты қатаң сынады

Фото: kazbilim.kz / smi24.kz

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Ғани Бектайұлы Бейсембаев Оқу-ағарту министрі лауазымынан босатылды. Министрлікті 2 жыл 9 ай басқарған шенеуніктің орнына Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова тағайындалды. Ғани Бейсембаевтың жұмысына қатысты педагог және білім саласының сарапшысы Аятжан Ахметжанұлы өз сыни пікірін білдірді, деп жазды qandastar.kz

Оның айтуынша, экс-министр өзіне жүктелген сенімді ақтай алмады.

“Тамада министр сөйлеп келді, сөйлеп қоштасты. Сөзімен келіп, сөзімен кетті. Алдыңғы министрдің тұсында қабылданған біраз оң шешімдердің күшін жойды”, – дейді сарапшы.

Ахметжанұлы министрдің уәделері орындалмағанын атап өтті. Мысалы:

  • Сынып жетекшілігі үшін қосымша ақы үш есе өседі деген уәде орындалмады;

  • Оқу бағдарламаларын жаңартуда бейкәсібилік байқалды;

  • Мұғалімдердің қағазбастылығы артты;

  • Форумдар мен рилс форматындағы “тәрбиелік шаралар” білім сапасын көтере алмады;

  • Мұғалімдерге қысым көрсету және сотқа тарту фактілері орын алған;

  • “Жайлы мектеп” жобасы толық жүзеге аспай, жоспардағы 367 мектептің орнына 217-сі ғана енгізілді;

  • Нысаналы мектептер жобасы мен педагогтер аттестациясы да нәтиже бермеген.

Сарапшының айтуынша, министрлік қазіргі уақытта «шашыраған» күйде қалып отыр, және жаңа министрге осы жағдайды реттеу жауапкершілігі жүктелмек.

Жаңа министр – Жұлдыз Сүлейменова

Жаңа министр Жұлдыз Досбергенқызы Сүлейменова – білім саласына бұрыннан таныс тұлға. Ол 2007 жылы қарапайым мұғалім болып еңбек жолын бастаған. Кейін әлеуметтік сала бойынша Мәжіліс депутаты, Назарбаев зияткерлік мектептері департаменті төрағасының орынбасары, Алматыдағы Зияткерлік мектеп директоры қызметтерін атқарған.

Аятжан Ахметжанұлы жаңа министрге сенім білдіретіндігін айтып өтті:

“Жұлдыз ханым – талапшыл, саланы жақсы білетін, кәсіби маман. Ең бастысы – білім мазмұнын жаңарту мен оқулықтарды реттеу секілді өзекті мәселелерді жақсы түсінеді”, – дейді ол.

Жаңа министрдің алдында білім беру жүйесін реформалау, оқу бағдарламаларын жаңарту және саладағы жүйелік мәселелерді шешу сынды үлкен міндеттер тұр.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button