Жаңалықтар

Теміртаудағы магистральдық жылу құбырында апат болды

Теміртау қаласы әкімдігінің ресми мәліметіне сәйкес, қаладағы магистральдық жылу трассасында ақау тіркелді. Апат салдарынан 8-шағынаудан мен «Отрадное» ықшамауданына жылу жеткізетін негізгі жылу құбыры зақымданған. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы Чиновник Telegram арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Нәтижесінде 8-шағынаудандағы шамамен 40 көпқабатты тұрғын үй, сондай-ақ «Отрадное» ықшамауданындағы ондаған жеке тұрғын үй жылусыз қалды. Сонымен қатар бірқатар бизнес нысандары мен әлеуметтік мекемелерде де жылу беру тоқтатылған.

Жағдайды күрделендіріп отырған факторлардың бірі – ауа райының күрт нашарлауы. Өңірде дауылды ескерту жарияланып, синоптиктер ауа температурасының минус 30 градусқа дейін төмендеуін болжауда. 14 қаңтар күні таңертең Теміртауда ауа температурасы минус 21 градусқа дейін төмендеп, жел күшейе түскен.

Қатты аяз кезінде жылудың болмауы қала тұрғындары арасында үлкен алаңдаушылық тудырды. Әлеуметтік желілер мен қалалық пабликтерде тұрғындар өз уайымы мен наразылығын білдіруде.

Қазіргі уақытта апат салдарын жою жұмыстары басталды. Авариялық-қалпына келтіру бригадалары тәулік бойы үздіксіз жұмыс істеуде. Барлық қажетті күштер мен арнайы техника жұмылдырылып, жылу беруді мүмкіндігінше қысқа мерзімде қалпына келтіру шаралары қолға алынған.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button