ЖаңалықтарСпорт

Тең қарсылас па, әлде айқын фаворит пе?: «Қайраттың» ЛЧ-дегі келесі қарсыласы туралы не белгілі?

Ертең, 26 қараша күні, алматылық «Қайрат» Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі бесінші матчына шығады. Қазақстандық клубтың қарсыласы – Данияның «Копенгагені». Қос команданың да турнирлік кестеде ұпай саны бірдей, деп жазады qandastar.kz

Матч Дания астанасындағы «Паркен» стадионында өтеді. «Қайрат» командасы ойын өтетін қалаға жетіп, сырт алаңда алғашқы жаттығуын өткізіп үлгерді.

Екі команданың да нәтижелері ұқсас. «Копенгаген» Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінде жалғыз ұпайды германиялық «Байерге» қарсы матчтағы 2:2 есебінен алған.

Кейін даниялықтар үш матчта жеңілді: «Қарабахқа» – 2:0, «Боруссияға» – 4:2, «Тоттенхэмге» – 4:0.

Ал «Қайрат» өз ұпайына тек үйдегі ойында – кипрлік «Пафосқа» қарсы ойынның нәтижесінде (0:0) қол жеткізді. Командалардың голдар айырмасы да бір-біріне өте жақын: «Копенгагенде» – 8, «Қайратта» – 9.

Айта кеткен жөн, «Қайрат» командасы Қазақстан чемпионатын жеңіп алған, ал «Копенгаген» қлубы өз елінің біріншілігінде әзірге тек төртінші орында келеді.

«Копенгаген» клубының бағалық құны «Қайрат» клубынан төрт есе қымбат!

Transfermarkt порталының бағалауы бойынша, «Копенгаген» құрамының нарықтық құны 75,35 млн еуро, ал «Қайраттікі» – 16 млн еуро.

Даниялық клубтың ең қымбат ойыны – «Боруссиядан» жалға алынған Юссуфа Мукоко (10 млн еуро). Алайда ол әлі ЛЧ-да гол соққан жоқ.

Ал «Қайраттың» ең қымбат футболшысы – 3 млн еуроға бағаланған Дастан Сатпаев. Ол Чемпиондар лигасында гол соқпағанымен, Дастан жақында Қазақстан құрамасы сапында Бельгия қақпасына өзінің дебюттік голын енгізген.

«Қайрат» осы маусымдағы төрт матчта 11 гол жіберіп, тек «Спортингке» және «Интерге» 2 гол соқты.

Матчқа кімдер қатыспайды?

«Копенгаген» бірқатар маңызды ойыншыларын жоғалтқан күйі ойнап жүр: Родриго Уэскас, Магнус Маттссон, Биргер Мелинг және Томас Дилейни алаңға шықпайды.

«Қайрат» клубының жағдайы қарсыласына ұқсас. Александр Мартыновичтің жарақаттан айыққан-айықпағаны белгісіз, ал «Интерге» гол соққан Офри Арад ойынға қатыса алмайды.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button