Әлем жаңалықтары

Тенерифеде Тейде жанартауы маңында 84 жер сілкінісі тіркелді

Канар аралдарының ең ірісі Тенерифеде Тейде жанартауының маңында демалыс күндері 84 жер сілкінісі байқалды. Ғалымдар сейсмикалық белсенділікті нақты уақыт режимінде бақылап, қаланы төтенше жағдайларға дайындау үшін арнайы шаралар қабылдаған. Мамандар ірі атқылау салдары ауыр болуы мүмкін деп ескертуде, алайда жергілікті билік қауіптің асыра айтылғанын атап өтті.

Канар аралдарының ең ірісі Тенерифеде демалыс күндері Тейде жанартауының маңында 84 жер сілкінісі тіркелді, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты Zakon.kz порталына сілтеме жасап.

Daily Mirror мәліметінше, жанартаудың ықтимал атқылауына дайындық үшін арнайы техникалық бөлім құрылған. Оның басты мақсаты – қаланы төтенше жағдайларға дайындау, тұрғындарды баспанамен және қажетті қызметтермен қамтамасыз ету. Қазіргі таңда қала «орташа деңгейдегі төтенше жағдайға» төтеп бере алады деп есептелсе де, мамандар ірі атқылау болған жағдайда салдары күрделі болуы мүмкін деп ескертуде.

Испанияның Ұлттық географиялық институты (IGN) Тенерифеде 100-ден астам станция мен сынама алу нүктелері арқылы сейсмикалық белсенділікті тұрақты бақылайды. Бұл ғалымдарға жер сілкіністеріндегі өзгерістерді, жер қыртысының деформациясын және геохимиялық көрсеткіштерді нақты уақыт режимінде қадағалауға мүмкіндік береді.

Арал әкімі жанартау атқылауына дайындыққа қатысты алаңдаушылық білдірсе де, Тенерифе аралының басқару кеңесінің президенті Роза Давила бұл қауіптің асыра айтылғанын мәлімдеді.

Еске салсақ, Тейде жанартауы 1909 жылғы атқылау кезінде аралға айтарлықтай зиян келтірмеген, ал 1706 жылғы атқылау кезінде қала мен Гарачико порты толық қираған.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button