Теңге шетел валюталарына қатысты нығаюын жалғастырып, қор биржасындағы доллар бағамы 467,5 теңгеге дейін төмендеді. Бұл туралы Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының деректеріне сілтеме жасаған Qandastar.kz хабарлады.
Сарапшылардың айтуынша, ұлттық валютаның күшеюіне бірнеше негізгі фактор әсер еткен. Атап айтқанда, әлемдік нарықта мұнай бағасының өсуі, Ұлттық банктің жүргізіп отырған операциялары, квазимемлекеттік сектор мен экспорттаушылардың валюталық түсімдерін теңгеге айырбастауы, сондай-ақ шетелдік инвесторлардың теңгелік активтерге қызығушылығы ықпал етті.
Сонымен қатар, кешегі сауда-саттық көлемі 337 миллион долларды құрады. Мамандардың пікірінше, бұл теңгенің нығаюы валюта нарығындағы дүрбелеңмен емес, шетел валютасы ұсынысының артуымен байланысты екенін көрсетеді.
Лондондағы ICE биржасының мәліметіне сәйкес, Brent маркалы мұнай фьючерстерінің бағасы мамыр айының басынан бері алғаш рет бір баррель үшін 111 доллардан асты. Сауда барысында мұнай бағасы 111,33 долларға дейін көтерілді. Соңғы рет мұндай деңгей 4 мамырда тіркеліп, Brent маркасы 114,44 долларға дейін жеткен болатын.



