Әлеумет және қоғам

Теңге нығайып жатыр: Ұлттық банк доллар бағамының төмендеуін түсіндірді

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов доллардың арзандауы теңгенің күшеюімен байланысты екенін айтты. Мұнай бағасының өсуі экспорттық түсімді арттырып, валюта нарығында теңгенің позициясын нығайтқан.

Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов доллар бағамының төмендеу себептерін және оның халыққа әсерін түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz мәліметіне сілтеме жасаған Qandastar.kz хабарлады.

Оның айтуынша, доллардың арзандауы – теңгенің нығаюымен байланысты. Яғни мәселе доллардың “құлдырауында” емес, ұлттық валютаның күшеюінде.

Сүлейменов мұны қарапайым экономикалық факторлармен байланыстырды. Қазақстанның негізгі экспорттық тауары – мұнай, ал оның бағасы соңғы уақытта өсіп келеді. Ел табысының жартысынан көбі мұнайдан түсетіндіктен, экспорттан келетін валюталық түсім де көбейген. Соның нәтижесінде валюта нарығында доллар арзандай бастайды.

Журналистер доллармен жинақ ұстайтын қазақстандықтар үшін бұл тиімсіз болуы мүмкін екенін атап өтті. Сонымен қатар Ұлттық қор активтерінің де басым бөлігі долларда сақталатыны айтылды.

Алайда Ұлттық банк басшысы Ұлттық қордың “ұтты” немесе “ұтылды” деп бағаланбайтынын жеткізді. Себебі қордың активтері доллармен есептеледі және теңгеге тәуелді емес.

Ал қарапайым азаматтарға қатысты ол нақты инвестициялық кеңес бермейтінін айтты. Дегенмен, теңге соңғы уақытта өзінің тұрақтылығын дәлелдегенін атап өтті.

Сондай-ақ өткен жылдың қорытындысы бойынша теңге жоғары табыстылық көрсеткен. Халықаралық рейтингтерде ол инвестиция үшін тартымды валюталардың бірі ретінде бағаланып отыр.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button