Жаңалықтар
Теңгенің орнына рубль жазған: Қазақстандық ата-ана 4-сыныпта оқитын баласының оқулығындағы мәтінге шағымданды
Фото: Stan.kz
Астаналық прокурор Саяхат Нұрбек желідегі парақшасында қазақ тілінде оқытатын мектептердің 4-сынып «Математика» оқулығында қате кеткенін жариялады. Оқулықта теңгенің орнына «рубль» және «доллар» деп жазылған. Stan.kz тілшісі мән-жайды толығырақ білу үшін оқу-ағарту министрлігіне қарасты республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығына хабарласты.
Саяхат Нұрбек оқулықтағы «8 ә», «9» және «10» жаттығуларында 2$, 100 рубль, 140 рубль, 16 рубль 80 копейка деп көрсетілгенін жария етті.
Ал редакция республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығына хабарласып, қолданушының жарияланымына қатысты пікір сұрады.
«4-сыныпқа арналған Алматыкітап баспасының Математика оқулығы «Бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім деңгейлерінің жалпы білім беретін пәндері мен таңдау курстары бойынша үлгілік оқу бағдарламасына» (ҚР Білім және ғылым министрінің 2013 ж. 03.04.2013. №115 бұйрығы) сай әзірленіп, 2019 жылы оқу процесіне енгізілген», – деді орталық.
Орталықтың мәліметінше, 4-сыныпқа арналған «Математика» пәнінің үлгілік оқу бағдарламасының базалық мазмұнында шетелдік және ұлттық валюталармен танысу, түрлі мемлекеттердің валюталарын (рубль, евро, доллар) ажырату және түрлі төлемдер жасау оқу мақсаттары ретінде қарастырылған.
«Осы оқу мақсаттарын жүзеге асыру үшін оқулықтың 56-бетіндегі «Евро, доллар. Валютамен орындалатын операциялар» тақырыбындағы 14-сабақта, 60-беттегі «Рубль. Валюталармен орындалатын операциялар» тақырыбындағы 15-сабақта оқушылар басқа мемлекеттердің валютасымен танысады және ұсақтауды үйренеді. Бұл ретте үй тапсырмасы ретінде оқулықта Ресей валютасымен қатар, евро, цент, доллар сияқты басқа мемлекеттердің ақша атауымен таныстыру материалдары берілген», – деп жауап берді сараптау орталығы.
Еске салайық, бұған дейін қазақстандық sai_abu есімді әйел 3-сынып оқитын баласының «Қазақ тілі» оқулығында «қыргүйек» және «өзгөрөт» сөзі қате жазылғанын айтып шағымданған еді. Ол оқу бағдарламасының авторларына «неліктен мұндай қате жібереді?» деп ашуланды. Бұған сараптау орталығы республикалық терминология комиссиясы мақұлдаған Орфографиялық сөздікке сәйкес берілгенін айтты.