Жаңалықтар

Tesla электромобиль өндірісін қысқартып, адам тәріздес роботтар шығаруға бет бұрды

Tesla компаниясы электромобильдер өндірісін қысқартып, адамтектес Optimus роботтарын шығаруға басымдық бермек. Бұл шешім компания тарихында алғаш рет жылдық табыстың төмендеуі аясында қабылданып отыр. Бұл туралы qandastar.kz сайты BBC порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Tesla бас директоры Илон Маск инвесторлармен өткен конференциялық қоңырауда Model S және Model X модельдерінің өндірісін кезең-кезеңімен тоқтату жоспарын жариялады.

«Model S пен Model X бағдарламаларын, негізінен, аяқтайтын уақыт келді», — деді Маск.

Оның айтуынша, келесі тоқсанда компания Model X кроссовері мен Model S толық өлшемді седанының өндірісін қысқартады. Калифорния штатындағы Фримонт қаласындағы зауыт адам тәріздес Optimus роботтарын шығаруға қайта бейімделеді.

Илон Масктың мәліметінше, Tesla-ның 2025 жылғы жалпы табысы 3 пайызға төмендеген, ал жыл соңындағы соңғы үш айдағы пайдасы 61 пайызға қысқарған.

Сонымен қатар, қаңтар айында Қытайдың BYD компаниясы Tesla-ны басып озып, әлемдегі ең ірі электромобиль өндіруші атанды.

Сарапшылар Масктың саяси белсенділігі де компания беделіне кері әсер еткенін айтады. Әлемнің түрлі елдерінде Tesla дилерлік орталықтарының алдында наразылық акциялары өткен.

Tesla-ның электромобильдерге басымдық беруден бас тартуы АҚШ президенті Дональд Трамптың іштен жану қозғалтқышы жоқ көліктерді қолдауға бағытталған кейбір мемлекеттік бағдарламаларды қысқарту шешімімен тұспа-тұс келіп отыр.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button