Жаңалықтар

Тезге салатын тест: Қазақстандық полицейлердің адалдығы тексерілмек

Фото: ашық дереккөз
Қазақстанда тәртіп сақшыларының адалдығы жасырын түрде тексерілмек, – деп хабарлайды qandastar.kz.
Егер полицейлер сынақтан өтпесе, тәртіптік жазаға тартылуы мүмкін екенін Stan.kz ақпарат агенттігі де жазды.

Тиісті жобаны сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі әзірлеген. Құжат «Ашық үкімет» порталында жарияланды. Қоғамдық талқылау 14 тамызға дейін жалғасады. Тестілеу кезінде полиция қызметкері жасырын түрде аудио-видеоға түсіріледі.

Заң жобасында тестілеудің үш санаты белгіленген:

  • «А» санаты: Халықпен өзара әрекеттесу кезінде қызмет көрсету сапасын бағалау;
  • «В» санаты: Ресми рәсімдер мен жауапкершіліктердің сақталуын бағалау;
  • «С» санаты: Кәсіби этика нормаларының сақталуын бағалау.

Тестілеу кезінде қызметкердің реакциясы мен мінез-құлқын бағалау үшін имитацияланған жағдайлар жасайды.

Алайда барлық полиция қызметкерлері сынақтан өтпейді. Тестілеушілер сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг нәтижелерін, азаматтардың арыз-шағымдарын, БАҚ жарияланымдарын, тіпті социологиялық сауалнама деректерін талдау негізінде таңдалады. Егер қызметкер адалдық сынағынан өтпесе, бірқатар шаралар қолданылатын болады.

«А» санатындағы сценарий орындалмаған жағдайда уәкілетті басшыға қызмет көрсету сапасын жақсарту бойынша шаралар қабылдау туралы ұсыныс беріледі. «В» және «С» санаттары бойынша сынақтан өтспесе жазбаша түрде түсініктеме жазылады.

Егер қызметкер жазбаша түсініктемеде тәртіптік теріс қылық жасағанын мойындаса, комиссия қызметтік тексеру жүргізбей-ақ тәртіптік жаза қолдануды ұсына алады. Олай болмаған жағдайда, тергеу белгіленген тәртіппен жүргізіледі.

Бұл жағдайда қызметкер тестілеудің заңдылығына және тәртіптік жауапкершілікке сотқа шағымдануға құқылы.

 

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close