Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Threads-тегі «зорлық құрбаны» алаяқ болып шықты

Астанада жалған ақпарат таратып, жұрттан ақша жинаған күдікті ұсталды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы Рolisia.kz-ке сілтеме жасап.

Оқиға әлеуметтік желідегі резонансты жазбадан кейін әшкереленген.

23 ақпанда Threads платформасында белгісіз аккаунт иесі өзін әскерде жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырадым деп таныстырып, қазіргі уақытта қудалаудан қорқатынын жазған.

Автор жазбасында бір жыл бұрын әскерден оралғанын, бірақ ауыр психологиялық жағдайдан шыға алмай жүргенін баяндап, өзін командирі қорқытып, заңсыз әрекеттерге мәжбүрлегенін алға тартқан. Желі қолданушыларының сеніміне әсер ететін егжей-тегжейлі сипаттамалар беріліп, соңында қаржылай көмек сұраған. Ол шетелге кету қажеттігін айтып, банк реквизиттерін жариялаған.

Алайда күмәнданған желі қолданушыларының бірі көрсетілген есепшотты тексеру үшін полицияға жүгінеді. Тексеру барысында аталған шоттың 17 жастағы жасөспірімге тиесілі екені анықталған. Оның айтуынша, бұрын таныс болған азамат қарызын аудару сылтауымен реквизиттерін сұрап, кейін өз есепшоттары бұғатталғанын айтып, басқа аударымдарды қабылдауға көндірген. Еш күмәнсіз сенген жасөспірім жеке деректерін берген.

Нәтижесінде екі күн ішінде есепшотқа 100-ден астам ақша аударымы түскен. Жедел-іздестіру шаралары барысында жазба авторы анықталып, ұсталды. Тергеу кезінде оның әскерде ешқашан болмағаны, жарияланған мәліметтердің барлығы ойдан шығарылғаны белгілі болды.

Полиция мәліметінше, күдікті жалған ақпаратты тек қаржылай пайда табу мақсатында таратқан. Сонымен қатар оның әрекеті әскери қызметтің беделіне нұқсан келтірген.

Аталған дерек бойынша көрінеу жалған ақпарат тарату және алаяқтық фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, сот санкциясымен қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр. Заң бойынша оған бірнеше жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылуы мүмкін.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button