
Дінтанушы, уағызшы Данияр Кенжеұлы әлеуметтік желідегі парақшасында танымал имам, теолог Нұрлан қажы Асановқа сын пікір қалдырды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
«Өзің диуанасың, кімге пір болмақсың?! Бүгінгі күні секулярлы қоғамда өмір сүріп жүрміз деп біртіндеп либералды ұстанымның жалауын көтеруге сәл қалғандаймыз. Мемлекет пен дін бір-бірінен тәуелсіз деген сайын, арасындағы байланыс керісінше күшейіп келе жатқандай. Өйткені екеуі де көпке үстемдік жасап, ықпал етеді. Екі кеменің басын ұстағысы келгендер осыдан келіп шығары анық. Төменде менің гөй-геймен айтар шындығым да осы позицияның көшбасшысына қатысты», — деп жазды уағызшы.
Данияр Кенжеұлы Нұрлан имамның соңғы насихаты көңіліне қатты тигенін жасырмады.
«Тик-ток пен шоу бизнестің имамы болған, жұрттың көзайымы, жыл адамы Нұрлан ағамыз күні бүгінге дейін құзыреті жетпесе де пәтуа айтып, парқына бармаса да субъективті пікірімен исламды жалтақ әрі жұмсақ дін етіп келгені жасырын емес. Кешеге дейін тілдің ұшына келген көп нәрсені айтудан ағалық жолы, жасы тосып үнсіз қалғанбыз.
Сөйте тұра, ағамыз соңғы айтқан насихатымен ата дініміз исламның атынан сөз алған күллі ұстаздарды нәпсінің қалауымен пәтуа іздейтін көпшілікке оп-оңай жығып беруі ар ұялатын іс болды. Бер жағыңызбен «халықты бөлме» деп жанашырлық танытқан болсаңыз да, елдің рухани әлеуетін көтеруді мақсат қылған ұстаздарды жік-жікке бөлгеніңіз, көрінеу көзге қиянат емес немене?!» — дейді ол.



