TikTok платформасының ең танымал креаторы Хаби Лейм контент жасаушылар индустриясындағы ең ірі мәмілелердің бірін жасады. Мәміле құны 975 миллион доллар деп бағаланып отыр, деп жазады qandastar.kz сайты Tengri Life-ке сілтеме жасап.
Tell News Magazine дерегіне сәйкес, америкалық Rich Sparkle Holdings компаниясы блогердің зияткерлік меншігін үш жыл мерзімге эксклюзивті пайдалану құқығын сатып алды. Бұл тек образды лицензиялау емес. Келісім аясында Хаби Леймнің визуалды бейнесін коммерциялық және цифрлық өнімдерде қолдану, сондай-ақ оның жасанды интеллект негізіндегі цифрлық көшірмесін (ИИ-двойник) жасау құқықтары да берілген. Алайда, мәміленің ең маңызды тұсы оның құрылымында.
Хаби Лейм біржолғы төлемнен немесе дәстүрлі жарнамалық келісімшарттардан бас тартып, Rich Sparkle Holdings компаниясындағы бақылаушы үлесті иеленді. Осылайша ол инфлюенсер мәртебесінен корпоративтік серіктес әрі стратегиялық ойыншы деңгейіне көтерілді. Сарапшылар бұл модельді нарық үшін революциялық деп бағалайды: қысқа мерзімді табыстан гөрі ұзақмерзімді бақылау мен ауқымды бизнеске басымдық берілген.
Хаби Леймнің жолы әлеуметтік желілердегі табыс қағидаларын қайта жазды. COVID-19 пандемиясы кезінде Италиядағы зауыттағы жұмысынан айырылған ол бірнеше жыл ішінде 160 миллионнан астам жазылушысы бар TikTok-тағы ең танымал креаторға айналды. Сөзсіз, минималистік реакцияларға құрылған контенті әлемнің кез келген аудиториясына түсінікті болып, жаһандық брендтермен әріптестікке жол ашты.
Компания болжамына сәйкес, Леймнің аудиториясына негізделген экожүйе әлеуметтік коммерция, лицензиялау және ЖИ-контент арқылы жылына 4 миллиард доллардан астам айналым әкелуі мүмкін. Мәміле жарияланған сәттен кейін қаржы нарықтары да жедел реакция танытты: Rich Sparkle Holdings акциялары бір сауда күні ішінде 250 пайыздан астам өсті.
Сарапшылар бұл келісімді бүкіл индустрия үшін бетбұрыс деп санайды: әлеуметтік желілердегі ықпал енді ірі медиа-брендтер мен технологиялық компаниялармен деңгейлес дербес экономикалық активке айналып келеді.



