Жаңалықтар

«Тіл-Қазына» шетелдегі қандастар үшін тіл меңгерудің жаңа жолын ұсынды

Фото: ашық дереккөз

Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырысымен «Тіл-Қазына» ҰҒПО-ғы Abai.institute жобасы аясында қазақ тілін меңгерудің жаңа жолдарын ұсынады. Шетелдегі қандастар мен қазақ тіліне қызығушылық танытқан азаматтарға арналған бұл бейнесабақтар кез келген жастағы тіл үйренушілер үшін ыңғайлы әрі қолжетімді, деп жазды qandastar.kz

Бейнесабақтардың басты ерекшелігі – кез келген уақытта оқуға болады. Тіл үйренуші дәрістерді онлайн форматта, ыңғайлы уақытта оқи алады. Әр тақырып 10 минутта қысқа әрі нақты түсіндіріледі. Қазіргі кезде А1, А2 (бастапқы деңгейлер) бойынша 40 сабақ қолжетімді. Әзірленген бейнедәрістер әмбебап әдістеме негізінде жасалған. Яғни қазақ тілін өзге тілдің көмегінсіз үйретуге арналған бұл тәсіл әлемнің түкпір-түкпіріндегі тіл үйренушілерге тиімді. Тілдік ортаға бойлау әдісі әлемде мойындалған ең тиімді тіл үйрету тәсілі саналады.

Бейнесабақтар тілді кешенді түрде үйретуге бағытталған:

  • Тыңдалым, айтылым, жазылым, оқылым дағдыларын дамыту;
  • Күнделікті өмірге қажетті сөздік қор мен грамматикалық құрылымдарды меңгеру;
  • Қазақ мәдениеті мен салт-дәстүрі туралы танымдық ақпарат ұсынуға негізделіп жасалған.

Әр сабақ деңгейлік тақырыпқа сай екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде теория түсіндірілсе, екінші бөлімде материал эпизодтық көріністер арқылы беріледі.

Қазіргі таңда қазақ тілін меңгеруге сұраныс артуда. Шетелдегі қандастар үшін ана тілін меңгеру ұлттық бірегейлікті сақтаудың жолы болса, шетел азаматтары үшін қазақ тілі мәдениетаралық байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Abai.institute платформасы арқылы ұсынылған бейнесабақтар бұл сұранысқа жауап береді және тіл үйрену процесін жеңілдетеді.

Бейнесабақтар Abai.institute порталында және TilQazyna YouTube арнасына жүктелген.

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close