
Фото: Ұлттық банк
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов жаңа Салық кодексі енгізілгеннен кейін елде баға уақытша өсетінін мәлімдеді, деп жазды qandastar.kz
Оның айтуынша, үкімет салық жүйесін түбегейлі өзгертуге мәжбүр болған. Мұндай өзгерістер инфляцияға қысым жасаса да, бұл құбылыс уақытша сипатта болады.
“Бағалар өседі, белгілі бір шарықтау кезеңі болады. Бірақ бұл ұзаққа созылмайды, жағдай біртіндеп қалыпқа келеді. Біз инфляцияны ақша массасы мен сұраныс деңгейі арқылы бақылауда ұстаймыз. Яғни экономикада артық ақша айналысының болмауына жұмыс істеп жатырмыз”, — деді Сүлейменов.
Ол сондай-ақ Ұлттық банктің қазіргі стратегиясы тұтынудан гөрі жинақтауға басымдық беретінін атап өтті.
“Біз халыққа ақшасын теледидар немесе тоңазытқыш сатып алуға емес, депозитке салған тиімдірек болатындай жағдай жасағымыз келеді. Осы арқылы тұтынуға емес, жинақтауға негізделген қаржылық мінез-құлықты ынталандырамыз”, — деді ол.
Сүлейменовтің айтуынша, салық реформасы — қажетті қадам. Бұған дейін мемлекет бюджет тапшылығын Ұлттық қордан бөлінетін трансферттер арқылы жауып келсе, бұл болашақ үшін тиімсіз шешім болған.
“Біз көп шығындалып жатырмыз, ал мұнай мен газдан түсетін табыс аз. Ұлттық қордан қаржы алып, болашағымызды жұмсап жатырмыз. Сондықтан салық жүйесін қайта қарау — уақыт талабы”, — деп түсіндірді Ұлттық банк төрағасы.