Жаңалықтар

«Тіршілігіме оралатын сәт таяп қалды»: Руслан Берденов жағдайы туралы мәлімдеме жасады

Жуырда оқыс оқиғаға тап болған Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденов әлеуметтік желіде жазба жариялады. Ол жағдайы жақсарып келе жатқанын айтып, халыққа оқыс оқиғадан кейін алғашқы мәлімдемесін жариялады, деп хабарлайды qandastar.kz ақпараттық порталы.

«Құрметті шымкенттіктер, қадірлі Қазақстан халқы! Менің басыма түскен ауыр жағдайдан көпшілігіңіз хабардарсыздар деп білемін. Бұл оқыс оқиға маған да, менің отбасым мен жақындарыма да ауыр тигені анық. Мұны сөзбен айтып жеткізу өте қиын.  Алайда, сынаққа толы болған осы уақыт аралығында адамдардың, әріптестерімнің, тамыр-таныстарымның жанашырлығын, қолдауын, тілектестігін сезіндім. Телефоныма түскен қоңыраулар, хабарламалар, әлеуметтік желідегі тілеулес жазбалар көңіліме демеу болғанын, күш-қуат бергенін, сергіткенін айтқым келеді», — деді Берденов.

Ол денсаулығы жақсарып, күнделікті күйбең тіршілігіне жақында оралатынын мәлімдеді.

«Міне, 3 аптаға созылған ауруханадағы күндерім аяқталып, өзім де аяқтан тұрып, күнделікті тіршілігіме оралатын сәт таяп қалды. Әлбетте, бірінші Алланың, содан соң дәрігерлеріміздің жіті бақылауының, ем-домының арқасында денсаулығым оңалды, қалпына келді. Осы уақыт ішінде мен еліміздің медицинасы көп ілгерілегеніне, шетелдік клиникалардан еш кем еместігіне көз жеткіздім. Ақ халатты абзал жандарымыздың мейірімі мен кәсібилігі де ризашылығымызға әбден лайық», — деп Руслан Берденов қолдау көрсетіп, жанашырлық танытқандарға шексіз алғысын білдірді.

Ілмектер

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close