
Қазақстанда 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне заң арқылы тыйым салынуы мүмкін, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет ұсынған бастаманы қолдайтынын мәлімдеді.
Президенттің айтуынша, басты мақсат – өскелең ұрпақ үшін қолайлы әрі қауіпсіз ақпараттық орта қалыптастыру.
«Мұндай шара әлемнің көптеген елінде қабылданып жатыр. Мен мұны қолдаймын. Осы жұмысқа баса назар аудару қажет деп санаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы заң қабылданған жағдайда оның іс жүзінде орындалуына ерекше мән беру керектігін атап өтті.
«Қауқарсыз заң ешкімге қажет емес», – деді Президент.
Сонымен қатар Тоқаев энергетика саласының технологиялық тұрақтылығын қамтамасыз ету, баламалы энергия көздерін дамытуға мүмкіндік беретін заң жобаларын жеделдетуді тапсырды.
Президент онлайн-платформалар мен масс-медиаға қатысты заңдарға да айрықша назар аудару қажет екенін айтты. Оның пікірінше, ақпарат кеңістігінде азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін қосымша шаралар қабылдануы тиіс.
Бұған дейін Үкімет 16 жасқа толмаған пайдаланушылардың әлеуметтік желілерде тіркелуіне тыйым салуды көздейтін заң жобасын әзірлеп, оны Парламент қарауына ұсынған болатын.