Басты жаңалықтарЖаңалықтар

Тоқаев Абай күнінде ақынның «Толық адам» идеясын еске салды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Абай күнімен құттықтап, ұлы ақынның мұрасы қазіргі қоғам үшін де маңызды екенін атап өтті, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Мемлекет басшысының айтуынша, Абайдың шығармалары ұлттық мәдениеттің ғана емес, әлемдік рухани қазынаның да маңызды бөлігі саналады. Оның «Толық адам» тұжырымы азаматтарды рухани тұрғыдан жетілуге шақырады.

Тоқаев Абайдың халықты жалқаулық пен бейқамдықтан арылып, білімге, еңбекке және жауапкершілікке ұмтылуға үндегенін атап өтті.

Президент биылғы Абай күні елдегі ауқымды өзгерістер кезеңімен тұспа-тұс келгеніне де тоқталды. Оның пікірінше, қазіргі реформалардың негізгі мақсаты – қоғамда жасампаздық құндылықтарды орнықтырып, Қазақстанның дамуына жаңа серпін беру.

Мемлекет басшысы Абайдың идеялары бүгінгі «Адал Азамат», «Таза Қазақстан», «Заң мен Тәртіп» қағидаларымен үндесетінін айтты.

«Біз қоғамда жаңа этиканы қалыптастыру, ұлттық бірегейлікті нығайту және гуманистік идеалдарды дәріптеу барысында әрдайым Абайға жүгінеміз», – деді Тоқаев.

Президент ұлы ақынның мұрасы болашақ ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеуде әлі де маңызды рухани негіз болатынына сенім білдірді.

Соңында Қасым-Жомарт Тоқаев барша қазақстандықтарға амандық пен табыс тілеп, Абай күнінің құтты болуын тіледі.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button