Саммитке дайындық мәселелері Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев пен АҚШ Мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия істері жөніндегі көмекшісі Пол Капурдың кездесуінде талқыланды. Тараптар жоғары деңгейдегі кездесудің күн тәртібін мазмұнды қалыптастыру үшін өзара іс-қимылды жалғастыруға дайын екенін жеткізді, дейді Qandastar.kz.
Келіссөз барысында Қазақстан мен АҚШ арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестіктің қазіргі жағдайы мен оны одан әрі дамыту мүмкіндіктері сөз болды. Әсіресе энергетика, маңызды минералдар, цифрлық технологиялар, көлік, инвестиция және инновация салаларындағы ынтымақтастықты күшейтуге ерекше назар аударылды.
Ермек Көшербаев америкалық тарапты Қазақстанда жүзеге асып жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалармен таныстырып, 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауы жаңа конституциялық модельді іске асырудағы маңызды кезең екенін атап өтті.
Кездесу барысында Қазақстанның су ресурстарын тиімді басқаруға бағытталған халықаралық бастамалары да талқыланды. Оның ішінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру идеясына ерекше назар аударылды.



