Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Тоқаев әлеуметтік қолдаудың шын мұқтаж жандарға жетуін бақылауды күшейтуді тапсырды

Мемлекет басшысы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевты қабылдады, деп хабарлайды qandastar.kz порталы Ақордаға сілтеме жасап.

Президентке ведомство қызметінің биылғы басым бағыттары жөнінде баяндалды.

Асқарбек Ертаев халықты жұмыспен қамту жоспары жөнінде мәлімет берді.

Сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмек жүйесін одан әрі жетілдіру жоспары таныстырды.

Министрлік цифрлық бағалау құралдары арқылы қолдау шараларының нақты адресіне жету мүмкіндігін кеңейтуге ниетті. Сонымен қатар көмек алатын әрі еңбекке жарамды азаматтарды міндетті түрде жұмыспен қамти отырып, әлеуметтік келісімшарт тәжірибесін кеңейтуді көздеп отыр.

Мүгедектігі бар тұлғаларды әлеуметтік тұрғыдан қорғау мәселелеріне баса назар аударылды. Министрлік арнаулы әлеуметтік қызметтерді жан басына қарай қаржыландыру тетігін одан әрі дамытуды, олардың сапа стандарттарын арттыруды, оңалту қызметтері мен техникалық құралдарды қолжетімді етуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар инклюзивті жұмыс орындарын ашуға ден қояды.

Көші-қон саясатының 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары жайында ақпарат берді.

Көші-қон үдерісін басқару және болжау деңгейін жақсарту, ішкі миграцияны теңгерімді жүргізу, елдегі еңбек нарығын қорғауға басымдық бере отырып, еңбек көші-қонын реттеуді жетілдіру көзделген.

Мемлекет басшысы халықты жұмыспен қамту, азаматтардың табысын ұлғайту, әлеуметтік қолдаудың шын мұқтаж жандарға жетуін бақылауды күшейту, зейнетақы жүйесін жетілдіру, теңгерімді көші-қон саясатын іске асыру, әлеуметтік қорғауда инклюзивті тәсілдерді дамыту, сондай-ақ цифрлық шешімдерді қолдану арқылы еңбекті қорғау жүйесін нығайту және қауіп-қатерлердің алдын алу бойынша бірқатар тапсырма берді.

 

Ұқсас Мақалалар

Back to top button