Президент Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы уақытта өз атына жаңа Салық кодексіне байланысты көптеген өтініштер келіп түскенін атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, осыған байланысты ол Премьер-министрге нақты тапсырма берген, деп жазды qandastar.kz
«Үкімет арнайы салық режимі бойынша жұмыс істейтін кәсіптердің тізімін бұрынғы қалпында қалдырды», – деді Президент Республика күніне арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде.
Тоқаевтың айтуынша, алдағы уақытта шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында қосымша шаралар қабылданбақ.
«Бизнес салық реформасынан зардап шекпеуі керек. Мұндай жағдайдың алдын алу үшін Үкімет кәсіпкерлермен ашық әрі сындарлы диалог жүргізуге тиіс. Дегенмен, экономикалық реформаларды тоқтатып қоюға болмайды. Қиын болса да, оң өзгерістерді жүзеге асыруымыз қажет. Әйтпесе, ел экономикасы тоқырауға ұшырауы мүмкін», – деді Президент.
Мемлекет басшысы әділетті қоғам құру жолында мемлекет, бизнес және азаматтардың күш біріктіруі маңызды екенін айтты.
«Еліміз еңсесін тіктеді, аяққа нық тұрды. Экономикада оң үрдіс байқалады. Халықаралық қаржы институттары Қазақстанға жоғары несие рейтингі беріп отыр. Экономикалық дамудың басты көрсеткіші – халықтың әл-ауқаты мен өмір сапасының артуы. Бұл – менің берік ұстанымым», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.



