Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) президенті Одиль Рено-Бассомен кездесті, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты.
Кездесу Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-пленарлық отырысы аясында өтті. Тараптар Қазақстан мен ЕҚДБ арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен алдағы даму бағыттарын талқылады.
Президент ЕҚДБ-ның Қазақстан экономикасын дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалап, қаржы институтымен қалыптасқан стратегиялық әріптестіктің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, банк еліміздің негізгі халықаралық серіктестерінің бірі болып саналады.
Соңғы 30 жылда ЕҚДБ Қазақстанда 354 жобаны қаржыландырып, оларға 11 млрд еуродан астам инвестиция салған. Қазіргі уақытта жалпы құны 3,1 млрд еуродан асатын 131 жоба жүзеге асырылып жатыр.
Мемлекет басшысы Қазақстан Үкіметі мен ЕҚДБ арасында жасалған Серіктестік туралы негіздемелік келісімнің маңызын атап өтіп, елімізде бәсекеге қабілетті әрі технологиялық тұрғыдан дамыған экономиканы қалыптастыруға бағытталған реформалар жалғасып жатқанын жеткізді.
Өз кезегінде Одиль Рено-Бассо Қазақстандағы инвестициялық ахуал мен жүргізіліп жатқан экономикалық реформаларға оң баға берді. Оның айтуынша, биыл жалпы құны 1 млрд доллардан асатын келісімдерге қол қойылған, ал жыл соңына дейін инвестиция көлемі 1,3 млрд еуроға жетуі мүмкін.
ЕҚДБ алдағы уақытта да Қазақстандағы инфрақұрылым, көлік, ирригация, энергетика, шағын және орта бизнесті қолдау, сондай-ақ маңызды инвестициялық жобаларды қаржыландыру жұмыстарын жалғастыруға дайын екенін мәлімдеді. Сонымен қатар тараптар цифрландыру мен жасанды интеллект салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелеріне де ерекше назар аударды.



