Давоста өткен халықаралық жиын барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Газадағы жағдайды реттеуге бағытталған жаңа «Бейбітшілік кеңесінің» Жарғысына қол қойды. Бұл бастама АҚШ Президенті Дональд Трампқа тиесілі, деп хабарлайды Qandastar.kz порталы.
Қол қою рәсіміне дейін екі ел басшысы қысқа жүздесу өткізді. Кадрлардан Тоқаевтың құжатқа қол қояр алдында Трампқа жақындап, жеке тілдескені байқалады. АҚШ Президенті өз кезегінде Қазақстан басшысына достық ниетпен иығынан қағып жауап қатты.
Бұған дейін Дональд Трамп Қасым-Жомарт Тоқаевты аталған кеңестің жұмысына қатысуға ресми түрде шақырған болатын. Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібайдың айтуынша, Тоқаев бұл ұсынысты қабылдап, Қазақстанның Таяу Шығыстағы бейбіт үдерістерге және халықаралық қауіпсіздікке үлес қосуға әзір екенін білдірген.
Айта кету керек, жаңа кеңестің құрылтай құжатына барлығы 18 мемлекет қосылды. Ал кеңес басшылығын Дональд Трамп өз мойнына алды.



