
Фото: Ақорда
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев макроэкономикалық тұрақтылық пен баға өсімін бақылау мәселесіне арналған арнайы жиын өткізді. Кездесуге Үкімет басшысы, Президент Әкімшілігінің өкілдері, Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу агенттігінің жетекшілері қатысты, деп хабарлады qandastar.kz.
Мемлекет басшысы экономикалық өсімнің сапасын арттыру мен азаматтардың табысын көтеру – басты басымдықтардың бірі екенін атап өтті.
Президенттің айтуынша, қазір ел алдында инфляцияны тежеу, экономикалық саясатты тиімді жоспарлау және халықтың нақты табысын арттыру міндеті тұр.
– Экономиканы тұрақты дамыту үшін әрбір мемлекеттік орган жүйелі әрі үйлесімді жұмыс атқаруы қажет. Халықтың табысы өскен сайын елдің әл-ауқаты да нығаяды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кеңес барысында әлеуметтік-экономикалық саясаттың тиімділігін арттыру, макроэкономикалық орнықтылықты қамтамасыз ету және сапалы экономикалық өсімге қол жеткізу жолдары талқыланды.