Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Тоқаев: Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестік жаңа деңгейге шықты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастың бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге жеткенін мәлімдеді. Мемлекет басшысы екі елдің сауда, инвестиция, көлік-логистика, цифрландыру және басқа да маңызды салалардағы ынтымақтастығының қарқынды дамып жатқанын атап өтті.

Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестік жаңа деңгейге көтерілді. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың «Синьхуа» ақпарат агенттігіне берген сұхбатында мәлімдеді, дейді Qandastar.kz.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Қытаймен мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға және ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын дамытуға мүдделі екенін айтты. Оның сөзінше, екі елді ортақ шекара ғана емес, ғасырлар бойы қалыптасқан тату көршілік қарым-қатынас байланыстырады.

Президенттің айтуынша, бүгінде Қазақстан мен Қытай арасындағы әріптестік сауда, инвестиция, энергетика, көлік-логистика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, медицина, ғылым, білім және мәдениет секілді негізгі салаларды толық қамтып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдары екіжақты сауда көлемі рекордтық деңгейге жеткенін атап өтті. Қазіргі таңда Қытай Қазақстанның ең ірі сыртқы сауда серіктесіне айналған.

Мемлекет басшысы көлік және логистика саласын ынтымақтастықтың басты бағыттарының бірі ретінде атады. Оның айтуынша, Қазақстанның географиялық орналасуы Шығыс пен Батысты байланыстыратын маңызды көлік дәлізін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Осы мақсатта екі ел «Бір белдеу, бір жол» бастамасын дамыту, Транскаспий халықаралық көлік бағытын (Орта дәліз) ілгерілету, жаңа теміржол желілерін салу, құрғақ порттар мен логистикалық терминалдарды кеңейту және шекаралық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарын бірлесіп жүзеге асырып келеді.

Президент Орта дәліздің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін «ақылды кеден» жүйесін енгізу, құжат айналымын цифрландыру, ақпараттық жүйелерді ықпалдастыру және шекарадағы рәсімдерді автоматтандыруға ерекше назар аударылып отырғанын жеткізді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастың жаңа кезеңге аяқ басқанын айтып, екіжақты ынтымақтастықтың дәстүрлі салалармен шектелмей, цифрлық экономика мен жоғары технологиялар бағытында да қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

Айта кетейік, 2026 жылғы 1 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев Бішкекте өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысып, кейін «ШЫҰ плюс» форматындағы саммитке қатысты.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button