Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық тамыз конференциясының пленарлық отырысында педагогтердің қоғамдағы беделін көтеру және оларды әлеуметтік әрі құқықтық тұрғыдан қолдау шараларына тоқталды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Президент соңғы жылдары ұстаздардың мәртебесін нығайту бағытында бірқатар маңызды шешім қабылданғанын атап өтті. Соның ішінде «Педагог мәртебесі туралы» арнайы заңның қабылдануы және биыл оған педагогтерге қосымша құқықтық және әлеуметтік кепілдіктер беретін өзгерістер енгізілуі бар.
Тоқаев 5 қазанның ұстаздардың кәсіби мерекесі ретінде белгіленгенін еске салды. Сонымен қатар мемлекеттік марапаттар қатарына «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы енгізілгенін айтты. Бұл атаққа ие болған педагогтерге қомақты сыйақы төленеді. Қазіргі таңда оған 100-ге жуық мұғалім ие болған.
Мемлекет басшысы соңғы үш жылда үш педагогке ең жоғары мемлекеттік марапат – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілгенін де атап өтті. Оның пікірінше, бұл ұстаздар еңбегіне көрсетілген ерекше құрметтің белгісі.
Президент сөзінде TALIS-2024 халықаралық зерттеуінің нәтижелеріне де тоқталды. Зерттеуге сәйкес, Қазақстан мұғалімдердің беделін нығайту көрсеткіші бойынша әлемде екінші орынға шыққан. Ал педагогтердің еңбекақысына қанағаттану деңгейі бойынша Қазақстан алғашқы бестікке енген.
Зерттеу нәтижесінде қазақстандық мұғалімдердің 95 пайызы өз жұмысына қанағаттанатынын, ал 80 пайызы педагог мамандығын қайта таңдауға дайын екенін көрсеткен.
Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздар қауымына алғысын білдірді.



