Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Тоқаев: Қазақстандағы президенттік басқару жүйесінің үлгісі Алтын Ордадан бастау алады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын Орданың тарихи мұрасы қазіргі Қазақстанның мемлекеттілік дәстүрімен тығыз байланысты екенін айтты, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Мемлекет басшысының сөзінше, жаңа Конституцияда қазақ халқының тарихы Ұлы даланың мыңжылдық өркениетімен сабақтас екені айқын көрініс тапқан. Осы бағыттағы жұмыстардың бірі ретінде елордада Ұлы дала өркениетіне арналған ірі мәдени-ғылыми орталық салу жоспарланып отыр.

Президент жақында Астанада ЮНЕСКО аясында Алтын Орда мұрасын зерттеуге арналған халықаралық симпозиум өткенін еске салып, мұндай бастамалар ұлттық мемлекеттілікті нығайтуға қызмет ететінін атап өтті.

«Бұдан бөлек, біз жаңа Конституцияда қазақ елінің төл шежіресі Ұлы даланың мыңдаған жылдық тарихымен сабақтас екенін айқын көрсеттік. Елордамызда Ұлы дала өркениетіне арналған зәулім ғимарат салынады. Жақында Астанада ЮНЕСКО-ның аясында Алтын Орда мұрасын зерттеу ісіне арналған халықаралық симпозиум өткізілді. Мұның бәрі мемлекеттігіміздің тұғырын нығайта түсуге зор ықпал етеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Алтын Орданы басқару институттары қалыптасқан, халықаралық байланыстары дамыған және өз дәуірінде әлемдік деңгейдегі ықпалды мемлекет болғанын айтты.

«Алтын Орда өзінің басқару институттары, дипломатиялық қызметі, байланыс және кеден жүйесі, әлемде мойындалған валютасы, озық инновациялары бар орта ғасырдағы алып ел болды. Қазір Қазақстанда берік орныққан президенттік басқару үлгісі Алтын Орда кезінде құрылған саяси жүйеден бастау алады», – деді Президент.

Сондай-ақ ол Алтын Орданың басты мұрасы оның қоғамдағы бірлік пен өзара құрметке негізделген құндылықтары екенін атап өтті.

«Алтын Орданың ең басты мұрасы – оның мызғымас құндылықтары. Себебі алып мемлекетте діні, тілі, мәдениеті, дәстүрі бөлек адамдар ортақ ережелер аясында тату-тәтті өмір сүрді. Бабаларымыздың осындай тағылымды жолы біз үшін өшпес өнеге және басты стратегиялық бағдар болып қала береді», – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, Қазақстан Ұлық Ұлыстың мұрасын қазіргі заман талаптарына бейімдеп, тарихи тәжірибені ел дамуының игілігіне пайдалануды көздейді.

«Біздің мақсатымыз – өзгелердің таптаурын болған тәжірибелері мен идеяларын үлгі-өнеге етпеу, өнбейтін дау-дамайдан бойды аулақ салу. Сонымен бірге өткен ұлы дәуірдің құндылықтарын ой елегінен өткізіп, сапалы түрде жаңғыртып, заманауи өркениетке қарай бейімдеу», – деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button