
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтады.
Мемлекет басшысы жас ұрпақтың құқығы мен әл-ауқатын қамтамасыз ету мемлекеттің басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Мемлекет басшысы балалардың денсаулығын сақтау, сапалы білім алуына және жан-жақты дамуына жағдай жасау жалпыұлттық мақсат екенін жеткізді. Сондай-ақ отбасы құндылықтарын нығайту мәселесі жаңа Конституцияда ерекше орын алғанын айтты.
«Жас ұрпақтың жасампаздық рухы орасан зор. Олар білім мен спортта, өнерде мол табысқа жетуде. Менің бастамаммен қолға алынған «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында мемлекет тарапынан әрбір балаға қамқорлық жасалып жатыр», – деп жазды Президент Instagram парақшасында.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, биыл «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы іске асырыла бастады. Президент жас буынды қолдау Әділетті әрі Озық Қазақстанды құру жолындағы негізгі басымдықтардың бірі болып қала беретінін атап өтті.



